Ұлттық болмыс пен сырлы бояу кеңістігі
«Өнер — халықтың жан дүниесінің үнсіз қозғалысы. Әрбір түс пен сызықта ұлттың рухы мен танымы жатыр».
Тоққожа Мұқажанұлы Қожағұлов (1962 ж. 1 қаңтарда Алматы облысы, бұрынғы Нарынқол, қазіргі Райымбек ауданының Қаратоған ауылында дүниеге келген) — қазіргі заманғы қазақ кескіндемесінде өзіндік философиялық мектеп қалыптастырған тұлға, «Тобаизм» көркемдік бағытының негізін салушы.
1984 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін үздіктер қатарында тәмамдағаннан бері шығармашылық ізденіс пен ғылыми-педагогикалық қызметті ұштастырып келеді. Оның қылқаламынан туған Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Тәттімбет, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Сағат Әшімбаев сынды алыптардың «тұлғаттық» портреттер сериясы ұлттық көркемдік ойдың биік белесіне айналды.
«Тобаизм» философиясы және туындылар географиясы
Түркі халықтарының көне танымында ерекше тұлғалардың желеп-жебеуші киесі (Бекет атаның арқары, Райымбек батырдың түйесі, Қарасай батыр мен Жамбылдың жолбарысы, Кемпірбай ақынның көк-ала үйрегі) мен иесі болатыны айтылады. Суретші бұл киелі желіні Жаратушыға (көне түркіше ТО-БА — «Жаратушы-Ие») тағзым ету философиясымен ұштастырып, «Жырдың қызыл жолбарысы — Жамбыл», «Ер-Қарасай», «Жырдың қара жорғасы — Үмбетәлі», «Мен» полотналары арқылы бейнелеу өнеріне «Тобаизм» бағытын алып келді. Шебердің туындылары Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мұражайларында, сондай-ақ АҚШ, Түркия, Германия, Жапония, Ресей, Балтық жағалауы елдері мен Қазақстанның жеке коллекцияларында сақтаулы.
Балалық шақ және мектеп жылдары
1962 жылы 1 қаңтарда Алматы облысы, Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданы, Қаратоған ауылында дүниеге келді. 1969–1977 жж. Қаратоған ауылындағы Н. Өмірзақов атындағы 8 жылдық мектепте, 1977–1978 жж. Нарынқол орта мектебінде оқып, 1979 жылы қайта құрылған Н. Өмірзақов атындағы орта мектептің алғашқы түлектерінің бірі болып бітірді.
Академиялық білім
Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне түсіп, оны 1984 жылы үздіктер қатарында тәмамдады.
Ұстаздық бастауы және әскери борыш
Жамбыл (қазіргі Тараз) педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінде оқытушы болып еңбек жолын бастады. 1984 жылғы қарашадан 1986 жылғы маусымға дейін Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді (әскери атағы — аға лейтенант).
Абай атындағы ҚазҰПУ және кәсіби одақтар
1987 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ге оралып, 1991–1994 жж. көркемсурет-графика факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі, 1994–1996 жж. оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 1989 ж. КСРО жас суретшілер бірлестігіне (№ 12044), 1995 ж. ҚР Суретшілер одағына (№ 243) қабылданды.
Кафедра жетекшілігі және ғылыми диссертация
1996–2008 жж. «Академиялық живопись» кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, 2008–2010 жж. кафедра меңгерушісі, 2010–2014 жж. «Живопись» кафедрасының, 2014–2018 жж. «Шығармашылық мамандықтар» кафедрасының меңгерушісі болды. 2007 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде 13.00.02 мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 2006 жылдан республикалық «Мұқағали» журналының алқа мүшесі.
«Үнсіз музыка» және Институт директорлығы
2017 жылы ҚР Орталық мемлекеттік музейінде «Үнсіз музыка» атты ауқымды жеке ретроспективалық көрмесін өткізді. 2018–2022 жж. ҚР Суретшілер одағы басқармасы мен секретариатының мүшесі. 2019–2022 жж. Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры және «Хабаршы — Вестник» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.
Авторлық өнер студиясы, Академия және МОК
2021 жылы «Tokkozha Art Studio» өнер студиясы мен «Tokkozha Art Market» жобасының негізін қалады. 2022 жылы 60 жылдық мерейтойына орай «Уақытпен сырласу» және «Көктем лебі» көрмелерін ұйымдастырды. 2023 жылы Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. 2024 жылдан Халықаралық білім беру корпорациясы (МОК) Дизайн факультетінің қауымдастырылған профессоры.
Тоққожа Қожағұлов
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚПҒА академигі Тоққожа Мұқажанұлы Қожағұловтың өмірбаяны, «Тобаизм» философиясы және марапаттары.