Өмірбаян
Қожағұлов Тоққожа Мұқажанұлы 1962 жылы 1
қаңтарда Алматы облысы Нарынқол ауданына қарасты
Жамбыл селосында дүниеге келген. Әкесі Мұқажан
Қожағұлұлы колхозда әртүрлі жұмыстар істеген,
анасы Бақытхан Уәлибайқызы үй шаруашылығымен
айналысқан қарапайым шаруа кісілер болған.
Тоққожа Мұқажанұлы 1969-1977 жылдары Қаратоған
ауылындағы Н.Өмірзақов атындағы 8 жылдық
мектепте оқып, 1977-1978 жылы аудан
орталығындағы Нарынқол орта мектебіне ауысып,
оқуын жалғастырған. 1978 жылы Қаратоған
ауылындағы 8 жылдық мектеп орта білім беретін
мектеп болып қайта құрылуына байланысты, 1979
оқу жылында орта мектепті Қаратоған ауылында
бітірген алғашқы түлектердің бірі. 1979 жылы
Абай атындағы Қазақ педагогика институтының
көркемсурет графика факультетіне түсіп, оны 1984
жылы үздіктердің қатарында бітіреді.
1984-1987 жылдары алдымен Жамбыл педагогикалық
институтында оқытушы болып, кейін Кеңес армиясы
қатарында әскери борышын өтейді. Әскери атағы
аға лейтенант. 1987 жылы Абай атындағы Қазақ
ұлттық педагогикалық университетіне қайта
оралып, бүгінгі күнге дейін осы қарашаңырақта
қызмет атқарып келеді.
Қожағұлов Тоққожа Мұқажанұлы 2007 жылы
педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін диссертациясын Омбы
мемлекеттік педагогикалық университетінде
13.00.02 – теория мен оқыту әдістемесі және
тәрбие (жалпы орта білім, кәсіби және жоғары
мектептегі бейнелеу өнері) мамандығы бойынша
қорғады.
Профессор Қожағұлов Тоққожа Мұқажанұлының –
60-тан аса ғылыми мақалалардың, 1 монография, 4
оқу-әдістемелік құралдың, «Зергерлік өнер әлемі»
атты 2-томдық кітаптың құрастырушысы және
«Зергерлік өнер нақыштары» кітабының қосалқы
авторы, 050107 – «Бейнелеу өнері және сызу»
мамандығы бойынша типтік бағдарламалардың авторы
және өзінің «Тұлғат» атты творчестволық
жұмыстарының каталогын және «Үнсіз музыка»
кітап-альбомын, сонымен қатар «Өрелі өнер
өрісі», «Жасымда ғылым бар деп
ескермедім...Ғылыми мақалалар жинағы кітаптарын»
шығарды.
Бүгінгі күнде профессор Қожағұлов Тоққожа
Мұқажанұлының жетекшілігімен жаңа перспективалық
бағытта ғылыми – ізденіс жұмыстары жалғасын
тауып, ЖОО студенттерді кәсіби көркемдікке
даярлау мәселелері, живописьтік білікті дамыту
сұрақтары, живописьтік көру, болашақ бейнелеу
өнері мұғалімдерінің кәсіби құзырлығын дамыту
т.б. және живописьтің әртүрлі жанрларында
творчестволық жұмыс істеу қолға алынған.
Қожағұлов Тоққожа Мұқажанұлының
ғылыми-педагогикалық жұмысымен қатар,
творчестволық жұмыстарымен облыстық,
республикалық, бүкілодақтық, халықаралық
көрмелерге үзбей қатысады (1987 жылдан). 1989
жылы КСРО жас суретшілер бірлестігінің
мүшелігіне қабылданды. Оның «Абай», «Жамбыл»,
«Н.Өмірзақов», «М.Әуезов», «Мұқағали»,
«Тәттімбет» және т.б. туындылары қайталанбас
өзіндік мәнерімен, адамның ішкі жан дүниесін
ашуымен және көркемдік тілімен ерекшеленіп,
суретшіні республикамызға кеңінен танымал етті.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
шешімімен өнер саласында жоғары табыстарға қол
жеткізгені үшін «Дарын» мемлекеттік жастар
сыйлығының лауреаты атанды. Түркі халықтарының
түсінігінен келе жатқан ұғымда, кейбір
адамдардың өзінің киесі (аң, жануар бейнесінде)
және иесі (адам бейнесінде) болатындығын, олар
сол өмір сүріп жатқан адамды қорғап-қоршап,
желеп-жебеп жүретіндігін, сол арқылы олардың
үшінші көзінің ашылуы, құпия сөзді айтуы арқылы
әруақтар әлемімен байланысқа түсуі, солар арқылы
ЖАРАТУШЫҒА (оның атын ТОБА деген, ТО- Жаратушы,
БА-БАБА, яғни ЖАРАТУШЫ-ИЕ дегенді білдіреді)
құлшылық қылуы, дұға жасауы, жалбарынуы,
құдіреттілігін мойындауы, оның қолдауы арқылы
ерекше бір тылсым күшке, қасиетке, ерекшелікке
жетуі. Оның мысалы: қазақтарда Бекет атаның
«арқары», Райымбек батырдың «түйесі», Қарасай
батыр мен Жамбылдың «жолбарысы», Кемпірбай
ақынның «көк-ала үйрегі» т.б. сияқты киелері бар
адамдардың ерекше қасиетке ие екендігі ел
арасында айтылып жүрген осының дәлелі. Суретші
осы желіні арқау ете отырып «Жырдың қызыл
жолбарысы-Жамбыл», «ер-Қарасай», «Жырдың қара
жорғасы-Үмбетәлі, «Мен» деген туындыларын
дүниеге әкелу арқылы бейнелеу өнеріне «Тобаизм»
бағытын алып келді.
Қожағұлов Тоққожа Мұқажанұлы көп уақыттан бері
үлкен қоғамдық жұмыстар атқарып келеді. Ол ҚР
суретшілер одағының төралқа және секретариат
мүшесі, республикалық «Мұқағали» журналының алқа
мүшесі. 2019 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті Өнер, мәдениет және
спорт институты шығаратын «Хабаршы-Вестник»
журналының бас редакторы.
Профессор Қожағұлов Тоққожа Мұқажанұлының
ғылыми-педагогикалық қызметінің үлкен бір саласы
– Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары мен орта
мектеп үшін оқулықтар мен оқу құралдарын,
бағдарламалар жасау, оларды жарыққа шығару
ісімен байланысты. Ғылыми еңбектері «Композиция
пәнінде дәстүрлі дүниетанымның негізінде
студенттердің шығармашылық қабілетін
қалыптастыру», «Натюрморт», «Живопись
кафедрасының студенттеріне дипломдық жұмыс
орындауға арналған әдістемелік нұсқау», «Болашақ
бейнелеу өнері мұғалімдерінің живопистік
біліктерін дамытудың теориялық және практикалық
тұрғылары» атты оқу және әдістемелік құралдары,
«Теоретические и практические аспекты развития
живописных умений будущих учителей
изобразительного искусства» монографиясы қазақ,
орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл аталған
еңбектер еліміздің суретші-ғалымдарынан өте
жоғары деген баға алды. Қазақ тілінде тұңғыш рет
«Кескіндеме» атты оқу құралы басуға дайындалып
жатыр.
Оның көркемдік туындылары Қазақстан, Ресей,
Қырғызстан мұражайларында, АҚШ, Түркия, Алмания,
Жапония, Ресей, Балтық жағалауы елдері және
Қазақстанның жеке азаматтарының қолында.
Қожағұлов Тоққожа Мұқажанұлының Жамбыл атындағы
халықаралық (1996) және Мұқағали Мақатаев
(2008), Ү.Кәрібаев атындағы сыйлықтардың иегері.
Қожағұлов Тоққожа Мұқажанұлының ғылыми және
қоғамдық қызметі бағаланып Абай атындағы АлМУ,
ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет
грамоталарымен (2009), 2-рет ҚР суретшілер
одағының құрмет грамотасымен, Абай атындағы
ҚазҰПУ-нің кәсіптік мамандар даярлауға сіңірген
еңбегі үшін «Үздік ұстаз» (2009) және «Айырықша
еңбегі үшін» (2016), «М.Мақатаев»
төсбелгілерімен, Бауыржан Момышұлының «Батыр
шапағаты», «100 лет советской милиции», ҚР
Көркем академиясының «Таранды великого эля», ҚР
Суретшілер одағының «Бейнелеу өнеріне сіңірген
еңбегі үшін» медальдарымен марапаталған, ҚР БҒМ
«ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері».
Райымбек ауданының құрметті азаматы. «Құрметті
қызметкер» төсбелгісі, Абай атындағы ҚазҰПУ
(2021). «Керей хан» ордені. (2022).
tokkozha.kz | tokkozhagul